Ақтауда 15 шағынаудандағы «Амфитеатр» алаңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі теңіз бөлімшелерінің құрылғанына 30 жыл және ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылғанына 31 жыл толуына орай арнайы іс-шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Маңғыстау облысының басшылығы, күш құрылымдарының өкілдері және сала ардагерлері қатысты. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін шекара қызметінің әскери техникасы, қару-жарақ көрсетілімі ұйымдастырылды.
Шарада салтанатты түрде МИ - 8 авиациялық тікұшақтарының сүйемелдеуімен теңіз жағалауында Маңғыстау облысы ҰҚК Шекара қызметі департаментінің шекаралық күзет кемелері өтті.
Мерекелік шараға жиналғандар әскери қызметшіледің техника мен қару-жарақ шеруін, арнайы бөлімше жауынгерлерінің қоян-қолтық төбелес тәсілдерін, кинологтар тобындағы қызметтік иттердің көмегімен шекара бұзушыны ұстау әдістерін тамашалады.
Сондай-ақ, мереке аясында бірқатар қызметкер облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан алғыс хатпен марапатталды. ҚР ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің бастығы полковник Санат Жұманов ерекше көзге түскен қызметкерлерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыстады.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев ҰҚК органдарының ардагерлерін, офицерлері мен қызметкерлерін құттықтап, Қазақстанның елдігін нығайтуға қосқан үлесін айтты. Облыс әкімі ҚР Шекара қызметі әскерилерінің жұмысының маңыздылығын атап өтіп, қызметкерлерге және олардың отбасыларына қандай қиындықта да Отанға деген қалтқысыз қызметі үшін алғысын жеткізді. Сондай-ақ, мерекеде елдің теңіз шекарасын қорғайтын 30 кеме салған оралдық «Зенит» кеме жөндеу зауытының өкілдерінің бар екенін ерекше атап өтті.
-ҰҚК Шекара қызметінің теңіз бөлімшелерінің құрылғанына 30 жыл толуымен және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылғанына 31 жыл толуымен құттықтаймын. Сіздердің жанқиярлық еңбегіңіздің арқасында біз жағалау күзеті қызметкерлеріне 30-ға жуық кеме мен қайықты пайдалануға ұсындық. Бүгінде олар қорғаныс қабілетін сақтап, шекарамызды қауіпсіздікте ұстай отыра, толықтай жауынгерлік дайындыққа ие. ҰҚК Шекарасының қызметкерлеріне, атап айтқанда, шекара қызметінің Жағалау күзеті қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Сіздер, қорғаныс саласына баға жетпес үлес қосасыздар және еліміздің азаматтарының бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етесіздер. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елде әскери қызметшілер мен шекарашылардың отбасыларына тұрмыстық қамтамасыз ету шаралары жасалуда. Барша ардагерлерді және әскери қызметшілерді, азаматтық персоналды органдардың құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауда табыс тілеймін! - деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты. Онда әншілер, әртістер мен би топтары өнер көрсетті.