22-23 мамыр күндері Маңғыстауда мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы жастармен кездесіп, отбасы құндылықтары және ұлттық тәрбие тақырыбында ой өрбітпек. Кездесу Ақтау, Жаңаөзен және Форт-Шевченко қалаларында өтеді деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталған іс-шара Маңғыстау облысы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» ұйымдастыруымен «Қолдау» орталығы» жеке меншік мекемесінің «Жастар керуені» жобасы аясында жүзеге аспақ.
Әлеуметтік жобаның мақсаты – өңір жастары арасында қаржылық, құқықтық және діни сауаттылықтарды арттыру. Жастарға неке және отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында кешенді ақпараттық және ағартушылық жұмыстарды ұйымдастыруға бағытталған.
Аталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін жеке меншік мекеме алдағы уақытта да республикалық деңгейдегі сарапшыларды тарта отырып, арнаулы мақсаттар мен міндеттерге сай өңірдің барлық аудан, қалаларында іс-шаралар тізбегін, яғни көшпелі кездесулер сериясын өткізетін болады. Негізгі нысаналы топ – Маңғыстау облысының тұрғындары, оның ішінде: 18-35 жас аралығындағы жастар, жасөспірімдер, колледж, университет студенттерін құрайды.