«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев пен Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының жанындағы аллеяға ағаш отырғызып, қалалық сенбілікке қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл акцияны еріктілер, студенттер, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық штаб мүшелері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары да қолдаған. Сенбілікке Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының (KINI) және Қазақстан-Неміс университетінің өкілдері де қатысты.
- Біз Ақтауға сутегі энергетикасы жөніндегі халықаралық конференцияға қатысу үшін келген едік. Біздің іс-шара «Таза Қазақстан» акциясымен тұспа-тұс келіп отыр екен. Бұл өте жақсы бастама. Өйткені егілген әрбір көшет әлемдегі экологиялық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді, - деді Қазақстан-Германия университетінің президенті, профессор Волрад Роммель.
Іс-шара барысында 300-ден астам көшет егілген. Қ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапхананың жанындағы саябақта, 19А-шағын ауданында 127 жапырақты және 67 қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Ал «Достық үйінде» 67 жапырақты және 47 қылқан жапырақты ағаш егілді.
- Елімізді абаттандырып, көгалдандыруды мақсат ететін «Таза Қазақстан» бастамасы жай ғана акция емес, бұл қоршаған ортаны сақтау деген сөз. Ағаш егіп, оларға күтім жасауға әрбір азамат үлесін қосу керек. Бірлесіп жасалған жұмыстар арқылы біз жасыл болашақты қалыптастыра аламыз. Адамдардың игілігі үшін жасалған заттарды сақтау да маңызды. Абаттандыру элементтерін бұзатын вандалдардың әрекеті ақтауға келмейді. Олармен бірлесіп күресу керек, - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Мемлекет басшысының қолдауымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталған болатын. Акция бірнеше аптаға бөлінген. Атап айтқанда, 6-13 сәуір аралығында – «Таза өлке» апталығы, 13-20 сәуірде – «Киелі мекен», 20-27 сәуірде – «Жасыл аймақ», 27 сәуірден 4 мамырға дейін – «Өнегелі ұрпақ», ал 4-11 мамырда - «Мөлдір бұлақ» апталығы өтеді.