9 мамыр - Жеңіс күні мерекесіне орай, №2 Ақтау қалалық емханасының мамандары тыл ардагері Мария Коваленкоға барып жағдайын біліп, денсаулығын тексерді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ақ халаттылар тыл ардагеріне медициналық көмек көрсетіп, анализдік зерттеу жасап, дәрі-дәрмектерін апарған. Сонымен қатар, мерекелік дәмдерін, сый-сияпаттарын ұсынды.
- Емханаға қарасты еңбек ардагерлеріне және барша қарияларға уақытылы дәрі-дәрмектері жеткізіліп отырады. Дәрігерлер мен медбикелер хабар алып, денсаулықтарын бақылауда ұстайды. Біздің құрметіміз тек жылына бір кезек емес, үнемі осылайша жүзеге асады, - деді емхана дәрігері Зоя Бегешова.
Қазыналы қартқа жылы лебіздерін жеткізген ақ халатты абзал жандар бейбіт өмірге қосқан үлестері үшін алғысын жеткізді. Риза болған тыл ардагері медицина мамандарына, мерекемен құттықтап келген жандарға батасын беріп, рахметін айтты.