Ақтауда «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын, өлкетанушы Сұлтанбек Құдайбергеннің “Сырылы бар жүрекке сыр қамадым..” атты шығармашылық кеші өтеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық мәдениет басқармасына сілтеме жасай отырып.
Шығармашылық кеш 15 мамыр күні сағат 19:00-де Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде өтеді.
Сұлтанбек Құдайберген 1978 жылы Маңғыстау ауданының Қосбұлақ ауылында туған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Халықаралық «Каспий – достық теңізі» фестивалінің лауреаты, «Шабыт» фестивалінің дипломанты, Сүйінғара батырдың 250 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы.
«Бану-көктем» (Алматы, 2007) жыр жинағының, «Қыдырша деген ауылдан...» тарихи-танымдық кітабының (Алматы, 2008), Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының репертуарындағы «Перзентхана» драмасының, оннан астам ғылыми-зерттеу мақалаларының авторы. «Біссіміллә – сөз басы», «Менің атым – Ұзақбай» жыр жинақтарын құрастырушы. «Каспий – достық теңізі» фестивалінің сценарийін жазды. Орыс ақындары Н.Туроверов пен А.Ачаирдің өлеңдерін қазақ тіліне аударған.