Ақтау қаласындағы Әзербайжанның Бас консулдығы Раббым Борашовтың Париждегі жазғы Олимпиадаға баратын велотурына қолдау көрсетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
3 мамыр күні жолға шыққан әуесқой велошабандозды әзербайжандықтар салтанатпен күтіп алған.
Консулдық мұны қоршаған ортаны қорғау мен климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күрестің ынтымақтастығының белгісі ретіндегі ізет екенін айтады.
Раббым Борашов велотурнирді Ақтау қаласынан бастап, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Болгария, Сербия, Австрия, Германия аумағы арқылы Францияға бара жатыр.
Раббым Борашов бұл сапарға бір жыл бойы дайындалғанын айтады.
Париж өте алыс. Олимпиада – елдер арасындағы барлық соғыстар мен жанжалды тоқтататын оқиға. Мен халықтар достығын қалаймын. Бұл велотурға көмектескен Әзербайжан консулы Эльчин мырзаға көп рахмет. Мені Әзербайжанда федерация өкілдері қарсы алып, жатын орын дайындап қойған. Тіпті мені Грузия шекарасына жеткізді. Мен мұндай достықтың куәсі болғаным үшін қуаныштымын. Мен олимпиада ойындары басталғанша Парижге жетуді көздеп отырмын. Оған дейін екі жарым ай қалды, мен уақытында жететініме сенімдімін, - деді Раббым Борашов.
Велотурдың Әзербайжан аумағы бойынша өтуі Маңғыстау облыстық әкімдігінің, Әзербайжан республикасының Жастар және спорт министрлігінің, Әзербайжан велосипед спорты федерациясының және Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас Консулдығының қолдауымен іске асты.
64 жастағы ақтаулық әуесқой велошабондоз Баку-Тбилиси-Батуми-Анкара-Стамбул-София-Будапешт-Белград-Мюнхен-Париж бағыты бойынша саяхаттайды.