Ақтауда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Маңғыстау өңіріндегі мұнай-газ саласының болашағына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде ол геологиялық барлауды дамыту перспективалары мен компанияның осы бағыттағы жоспарлары туралы баяндады.
«ҚМГ стратегиялық мақсаттарының бірі ретінде ресурстық базаны дамытуға ерекше назар аударады. Қорды арттыру мақсатында көмірсутектерді барлау және жете барлау шеңберінде іске асыру үшін жобалардың әртарап портфелін қалыптастырдық. Ең алдымен, қазіргі барлау жобалары ішінен алдағы жоспарлардан Абай блогында бұрғыланатын тереңдігі 2500 м теңіз іздеу ұңғымасын атап өткен жөн», — деді М.Мырзағалиев.
Сонымен қатар, ҚМГ басшысы компания 2024 жылы тағы екі терең ұңғыманы бұрғылауды жоспарлап отырғанын атап өтті.
«Өңірлік зерттеулеріміздің нәтижесі бойынша біз көмірсутектердің зерттелмеген әлеуетін 18 млрд тонна мұнай эквивалентіне бағалаймыз, мұнда негізгі перспектива неғұрлым терең және техникалық жағынан күрделі жобалармен байланысты. Терең шөгінділерді зерттеу аясында биыл ҚМГ Атырау және Қызылорда облыстарында «Қаратон–подсолевой және «Торғай–палеозой» жобаларында 5,5 км-ден екі терең ұңғыманы бұрғылауды жоспарлап отыр», — деп атап өтті ол.
2023 жылы ҚМГ жаңа аумақтарда кең ауқымды сейсмикалық барлау жобасына, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы 5 учаскенің жер қойнауын геологиялық зерттеуге бастамашылық етті.
Бұл жобалар бойынша былтыр Жарқын және Солтүстік Өзен учаскелерінде далалық сейсмикалық барлау жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта деректерді өңдеу және талдау жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, биыл Болашақ учаскесінде 2Д сейсмикалық барлау жүргізу жоспарда.
ҚМГ басшысы сондай-ақ Маңғыстау облысында көмірсутектерді өндіру көлемін қолдауға бағытталған кейбір жобаларға, соның ішінде Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жобасына тоқталды.
Сонымен қатар, ҚМГ Лукойлмен бірлесіп «Қаламқас-теңіз–Хазар» теңіз жобасын әзірлеуді жобалауға кірісті, кен орнында алғашқы мұнай өндіру 2029 жылға жоспарланған. Бұл жоба Маңғыстау облысының мұнай-газ саласы көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамы дәстүрлі түрде өткізетін «Маңғыстаудың мұнай-газ болашағы» халықаралық геологиялық конференциясы –мұнай-газ саласы мамандарының басын қосып, геология, мұнай-газ кен орындарын игеру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға ашық алаң ұсынатын саладағы маңызды оқиға.