Ақтауда теңіз жағасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6656 әскери бөлімінің әскери оркестрі концерт ұйымдастырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәдени шара қала әкімдігінің қолдауымен өткізілді. Концертте ана туралы туындылар мен патриоттық әндер шырқалды. Атап айтқанда, «Анашым», «Батырлар ұраны», «Алға, қазақ жігіттері», «Елдің қорғаны» шығармасы орындалды.
- Бұл біздің биыл қойған алғашқы концертіміз. Концерттің негізгі мақсаты - қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Шарада оркестрдің сүйемелдеуімен 15 туынды орындалды. Жиналған халық бізбен бірге ән шырқап, қошеметтеп отырды. Осының өзі концерттің жоғары деңгейде өткендігінің белгісі деп білемін. Мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылады, - деді әскери оркестрдің дирижері Аслан Мұқан.
Концертті тамашалаған көрермендер өнерпаздарға өз алғыстарын айтты.
-Ақтауға Атырау қаласынан қыдырып келдік. Теңіз жағасына немерлеріммен серуендеуге келдім. Оркестр керемет өнер көрсетті. Ана туралы ән айтты. Өнерпаздарға рақмет!, - деді Атырау қаласының тұрғыны Жұмазия Ахметова.