ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасынң баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапар барысында вице-министр Маңғыстау облысының онкологиялық диспансеріне барды. Емдеу орнының кеселмен күрестегі қауқарын көріп, озық технологиялардың жай-күйімен танысты.
Диспансер директоры Нұрлан Жариев терапевтік корпус, ота жасалатын бөлімшелер, радиологиялық бөлімше, жансақтау бөлімі, зертхана, сәулелік диагностиканың жұмысы туралы баяндады. Диспансер директорының айтуынша, орталықта толық кешенді диагноз қоюға, хирургиялық емдеуге, дәрілік және сәулелік терапия, науқастарды отадан кейінгі оңалтуға қажетті барлық құрал-жабдықтар жеткілікті деңгейде.
Мұнда амбулаториялық, стационарлық және стационарлық формадағы онкологиялық науқастарға мамандандырылған және жоғары мамандандырылған көмек түрлерін көрсетеді. Онкологиялық орталықта барлық қажетті ем-дом шаралары толық көлемде жүргізілетіндігін атап өтті.
Айта кетейік, бүгінде онкологиялық диспансерде 200-ден астам ақ халаттылар жұмыс істейді. Облыста 5 мыңға жуық науқас онкология диагнозымен диспансерлік есепте тұр.
Жиын соңында Тимур Сұлтанғазиев медицина ұйымдарының басшыларымен кездесті. Туындаған мәселелерге қатысты сұрақ-жауап алмасты. Технологияларды енгізу, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық және техникалық қамтамасыз ету, қаржыландыру мәселелері секілді саланың даму динамикасына қатысты бірнеше мәселе сөз болды.
Вице-министр медицина қызметінің сапасын арттыру бойынша нақты мәліметтерді саралай отырып, бас дәрігерлерге бірнеше міндет жүктеді.