"Жайық-Каспий" облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы Маңғыстау облыстық басқармасының өкілдері қолданыстағы заңнама шеңберінде Каспий теңізінде жыл сайын ихтиологиялық зерттеу жүргізілетіндігін мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚКО-ға сілтеме жасап.
Мәселен, 2022 жылы облыс көлемінде 8 табиғат пайдаланушының учаскесінде бақылап аулау жұмыстары жасалған. Жағалауда құрылған ау-құралдарға бекіре, күтім, кефаль, көксерке, ақбалық және майшабақтар түскен.
-Балықтардың салмағы өлшенген соң тірі күйде теңізге қайта жіберілді. Осылайша, Каспийдегі биоресурстардың қай учаскеде қандай көлемде бар екендігі анықталады. Жинақталған мәліметтер мен фотосуреттер қазақстандық ғылыми-зерттеу институттарына жіберіледі. Ихтиологиялық бақылау жұмыстарының нәтижесі балық аулауға мемлекеттен квота бөлінуіне ықпал етеді. Алдағы уақытта табиғат пайдаланушылардың сұранысы бойынша осы квота көлемін ұлғайту үшін тиісті жұмыстары атқарылып жатыр, - деді Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасының басшысы Жақсығали Іздібаев.
Бұған дейін жасалған ихтиологиялық бақылау жұмыстарының нәтижесінде күтім балығы 2022 жылдың 16 қыркүйегінде министрліктің қаулысына сәйкес Қазақстанның қызыл кітабынан шығарылды, яғни аулауға рұқсат берілді. Сондай-ақ табиғат пайдаланушылардың сұранысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің №18-04/17 бұйрығына былтыр өзгеріс енгізіліп, диаметрі 0,3 миллиметрлік ау-құралымен аулауға рұқсат етілді.
Айта кетсек, Каспий теңізін жойылып кету қаупі бар, Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген су жануары – итбалық, Каспий тілтісі(каспийская минога), Каспий албырты (каспийская лосось), ақбалық (белорыбица), Волга көп аталықты майшабағы (Волжская многотычинковая сельдь) мекендейді. Оларды аулауға заңмен тиым салынған.
Маңғыстау облысының табиғат пайдаланушылары «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңға сәйкес арнайы құжаттарды жинайды. Рұқсат қағаздарын алған соң балық аулауға рұқсат беріледі.