Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Шаровтың мәлімдеуінше былтыр тиісті департамент өңірдегі білім беру және тәрбиелеу объектілеріне 279 тексеру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚКО-на сілтеме жасап.
Деректерге сүйенсек, 2022 жылы ерекше тәртіппен 184 нысанды тексеру жоспарланып, оның ішінде 166-ы тексерілген.
-166 объектінің 165-інде кемшіліктер анықталды. Нысандарда жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерге сәйкес және лабораториялық зерттеу қорытындылары бойынша жауапты тұлғаларға барлығы 22 528 365 теңге айыппұл салынып, 79 әкімшілік шара қолданылды, - деді Асылбек Шаров.
Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында 171 санитариялық ұйғарым беріліп, оның ішінде 122-сі талапты орындаған. Берілген санитарлық ұйғарымның орындалысы бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде жалпы білім беру мектептерінде санитариялық талаптардың орындалмауына байланысты Жаңаөзен қаласындағы 4 нысанның құжаты сотқа жолданған.
Нақтылар болсақ, тексеру барысында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнер қақпақтарының болмауы, спорт алаңдары қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеуі, мектеп ішіндегі дәретханаларда істен шыққан санитарлық құрылғылардың уақытылы ауыстырылмауы, өндірістік бақылаудың ұйымдастырылмауы, химия кабинеттерінің құрал-жабдықтарының толық жабдықталмауы, спорт залдарындағы киім ауыстыратын бөлмедегі жиһаздардың жеткіліксіздігі көп кездеседі.