Жақында суға түсу маусымы басталады. Каспий теңізінде жүзіп, тынығу үшін әлемнің әр бұрышынан Маңғыстау облысына туристер ағылады. Осы орайда Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сауда және туризм салалық кеңесінде суға түсу маусымында туристердің қауіпсіздігін сақтау жайлы мәселе қозғалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz МО кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салалық кеңестің төрағасы Сергей Ворожейкин «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы» ҚР Төтенше жағдайлар министрі бұйрығының жобасын қайта қарау қажет екенін атап өтті.
«Қауіпсіздікке полиция, медицина, төтенше жағдай бөлімі тұтастай жауапты. Демалыс базаларында полиция мен медициналық стационарлық бекеттер орнату қажет. Өрт сөндіру депосы керек. Өйткені демалыс базалары ауданында бірде-бір өрт сөндіру депосы жоқ. Өткен жылы тұрғындардан келіп түскен қоңырауларға жедел ден қою кезінде демалыс базалары ауданында стационарлық полиция бекетін ұйымдастыру мәселесі көтерілді. Судағы оқиғалар кезінде халық қайда жүгінерін білмейді. Белсенді ақпараттандыру немесе үйлестіру орталығын ұйымдастыру қажет»,- дейді ол.
«ТЖ қызметкерлерімен жағалауды патрульдеу қауіпсіздікке айтарлықтай көмектеседі, бірақ оның кестесі, басталу және аяқталу уақыты және патрульденетін учаскелер туралы ақпарат жоқ. Суда жүзуге құқықтары жоқ көлік құралдарын қалай басқарамыз? Скутерлермен жаппай кәсіп жүргізетіндер бар. Онымен қалай күресуге болады? Жауапкершілік жайлы түсіндіретін ақпараттық бейнероликтер мен фотолар қажет. Бұдан әрі 12 жасқа дейінгі балалар теңізде ересектердің бақылауында болуы керек»,- деп атап өтті Маңғыстау облысының туризм қауымдастығының басшысы Тимур Әбдікәрімов.
Маңғыстау облысы бойынша ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының м.а. Райымбек Тұманғалиевтің айтуынша, барлық ақпарат құралдары арқылы демалыс базаларының иелерімен тұрақты негізде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шомылу маусымында кезекшілікті ТЖД мен жергілікті полиция қызметінің күштері бірлесіп күн сайын тыйым салынған және қауіпті учаскелерде жүргізеді. Қала бойынша 2 тыйым салынған учаске бар. Олар Тарас Шевченко ескерткіші маңы мен Шора каналы. Онда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
«Турист» ЖШС директоры Евгения Слюсарева туристердің қауіпсіздігіне тек суда ғана емес, сонымен қатар өңірді аралап жүріп жоғалатын туристерге де назар аударуды сұрады. Олардың қоңырауларына жауап беру керек. Бұл негізінен карталарсыз, ешкімге белгісіз, өз бетінше саяхаттайтын шетелдік туристер.
Басқосуда туристерге алғашқы медициналық көмек көрсету үшін мамандардың біліктілігі туралы сұрақ та қойылды. Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибизада Дүйсенбаеваның айтуынша, туристерге ақылы негізде медициналық көмек бар екендігі айтты.
Кеңесте кәсіпкерлердің санитарлық-гигиеналық жүйе, Қаракөл көлінің мәселесі, көліктік бақылау инспекциясының судағы қауіпсіздік техникасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы түрлі мәселелері қозғалды.