Жаңаөзен қаласында мұнай-сервистік компанияның аумағында болған өрт салдарынан ауада жағымсыз иіс пен химиялық қоспалар таралды. Әлеуметтік желіде осындай жалған ақпараттар таралуда. Алайда, құзырлы орындар бұл ақпаратты растамады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов бұл ақпаратты жоққа шығарды.
-Бүгінгі ауадан шыққан жағымсыз иістің бұл өртке ешқандай қатысы жоқ. Өрт үш күн бұрын яғни, 27 наурыз күні сағат 18:40-та Жаңаөзен қаласында ұңғымаларын күрделі жөндеу бойынша қызметтер көрсететін мұнай-сервистік компаниясының аумағында 11 бірлік көлемінде бір тонналық пластикалық резервуарларда химиялық реагенттердің жануынан шықты. Өрт салдарынан ауыр жүк көлігіне зақым келді, – деді Нұрлыбек Айжарықов.
27 наурызда сағат 19:13-те өрт сөндірушілердің жұмысының арқасында өрт өшірілді. Қазіргі таңда өрттің себебі анықталуда.