28 наурыз күні сағат 23:40 шамасында 102 кезекші пультіне Ақтау қаласы 31Б шағын ауданы «Rose» тұрғын үй кешенінің пәтерлерінің бірінде ер адам өз-өзіне қол жұмсамақшы деген шақырту түскен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аймақтық полиция департаментіне сілтеме беріп.
Патрульдік полицияның құрамында полиция лейтенанты Нұрлан Тлеубай және полиция аға лейтенанты Бахтияр Бердібаев сынды қызметкерлері бар “Мираж-10” жасағы айтылған мекен-жай бойынша шақыртуға 3-4 минуттың ішінде жетеді. Қосымша көмекке патрульдік полиция батальоны инспекторлары полиция лейтенанты Бахытжан Төребаев мен полиция капитаны Арман Ермуханов келді. Алайда, айтылған мекен-жай бойынша дерек расталмай, полиция қызметкерлері өзге пәтерлерді тексеру барысында, есігі ашық тұрған пәтерді байқады. Есікті ашқан сәттен полицейлер әлдеқандай дыбысты естіп, үйіне кіргенде жуынатын бөлмеде ер адамның төсек жайма арқылы асылып жатқандығын көреді.
Полицейлер еш ойланбастан бірден ер адамды құтқаруға әрекет жасайды және ол сәтті болып, бір адамның өмірі өлімнен арашаланды. Әрі қарай ер азамат жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылып, полицейлердің еріп отыруымен ауруханаға жеткізілді.