© фото egemen.kz
Маңғыстау облысында 2023 жылы 1000 орындық 2 жатақхана мен 1740 оқушыны қабылдайтын 3 жекеменшік мектеп қолданысқа беріледі. Бұл туралы «Қаржы орталығы» АҚ ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының орынбасары Диас Жамбылов айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, 2018 жылы мемлекеттен жатақхана салғаны үшін кәсіпкерлердің инвестициялық шығындарын өтеу мақсатында 152 млрд теңге бөлінген. Бүгінде облыста студенттер жатақханасына тапшылық жоқ. Сонымен қатар, өңірде жұмыс істеп жатқан 30 жекеменшік мектеп мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландырылды.
- Ел дамуының маңызды межесі жаңа студенттік жатақханалар мен оқу ошақтарының тапшылығын жою екендігі мәлім. Басты мақсат – жастар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, олардың өмір сүру сапасын жақсарту және сапалы әрі қолжетімді білім алуына жағдай жасау. Маңғыстауда 2019-2022 жылдары 23 жекеменшік мектеп ашылды. 2018 жылдан бері 4 жатақхана студенттерге берілді. Дегенмен, әлі күнге дейін өңірімізде 10 530 орындық мектепке тапшылық бар. Қазіргі таңда, осындай әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында нәтижелі атқарылып жатыр, - деді Диас Жамбылов.
Сондай-ақ, брифингте «Қаржы орталығы» АҚ ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің жетекші маманы Азамат Амангелдіұлы студенттер үйін салу үшін кәсіпкерлерге қаржы берілетіні де сөз болды.
- Мемлекет жатақхана енгізілгеннен кейін жеке құрылысшыға, инвестор немесе кәсіпкерге нақты тұрып жатқан 1 студент үшін жылына 195 АЕК төлейді. Ол 6 жыл бойы төленетін болады. Осы уакыт ішінде меншік иесі 403 миллион теңге алады. Төлем мерзімі аяқталысымен нысан құрылыс салушының меншігінде қалады. Егер жатақхананы қайта құру жолымен енгізген жағдайда кәсіпкерге жылына 47 АЕК төленеді. Құрылыс салушыларға қойылатын бірқатар талаптар да бар. Басты шарт- кәсіпкер 20 жылға дейін объектінің нысаналы мақсатын өзгертпеуі тиіс, - деді Азамат Амангелдіұлы.
Сонымен қатар, брифинг барысында «Халық-life» АҚ Ақтау қалалық филиалының директоры Алуа Кішкенебаева «Bilim-Life» сақтандыру өнімі жайлы айтып өтті. Енді кез келген қазақстандық ата-ана үйге ғана емес, өз баласын оқытуға да қаражат жинақтай алады.
- «Bilim-Life» бағдарламасының азаматтарға берер мүмкіндігі жетерлік. «Bilim-Life» сақтандыру жарналарының мөлшері айына ең аз дегенде 3 АЕК-тен басталады және оның мөлшері шектелмейді. Мысалы, ата-аналар 7 жастағы баласына осы бағдарлама бойынша 10 жылға шарт жасасуды ұйғарды делік. Оның 17 жылдығына орай білім алуға жеткілікті қаражатты, яғни 10 млн теңгені алу үшін оларға ай сайын 42 мың теңгеден жарна салып отыруы қажет. Жинақтау мерзімі аяқталғаннан кейін бұл қаржы бала оқитын білім беру мекемесінің шотына түседі. Қазіргі таңда 20 жыл мерзіміге дейн шарт жасауға болады, - деді Алуа Кішкенебаева.