Батыр ауылында мерзімі өткен медициналық препараттар мен қолданылған шприцтерді далаға ашық-шашық тастап кеткен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ауыл маңына бір данасы 8 мың теңге тұратын урологиялық ауруларға арналған 100 шақты «Тутукон» препараты мен әртүрлі сұйықтық құтыларын да қалдырған. Оны байқаған ауыл тұрғыны «Тутукон» препаратының ішінде сұйықтық толы екенін айтады. Одан бөлек инфекциялық ауруларға арналған «Веракол», «Сертоцеф» сынды антибиотиктер қорабымен бірге тасталған.
Ал шприцтердің барлығы қолданылған дейді видео авторы. Инфекциялық ауруларға арналған препарат қалдығы мен оған қолданылған шприцтер өте қауіпті дейді ауыл тұрғыны. Ал Батыр ауылының әкімдігі тексеріске барамын дегенше қоқысты түгел өртеп үлгергенін айтып отыр. Сондай-ақ ауыл әкімі кінәлілер анықталған жағдайда тиісті хаттама толтырып, полицейлерге тапсыратынын айтты.
- Бұл қоқыс дәріханадан немесе медициналық орталықтан шыққанын біз әлі нақтыламадық. Барлық дәріхана басшыларын, сонымен қатар медициналық орталық басшыларын шақырып, алдағы уақытта қайталамау туралы тапсырма беретін боламыз, - деді Батыр ауылының әкімі Сауыт Айтбаев.
Ауыл әкімінің сөзінше, ауыл бойынша жалпы 8 дәріхана бар. оның ішінде қазіргі уақытта 6 дәріхана жұмыс істеп тұр.