Астанадан дәстүрлі түрде өтетін «BASTIME» зияткелік ойыны енді Ақтауда да өз жұмысын бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Алғашқы ойын 2 наурызда өтіп, атпа сайын жалғасып келе жатыр. Білім, логика және тапқырлықты таразыға салатын қызықты ойынға қатысуға ниет білдіргендер саны уақытпен бірге өсу үстінде.
Бесінші сәуірде өткен ойынға Ақтау қаласынан 5 команда қатысып, 6 турдан тұратын сайыста өзара мықтыларды арықтады.
Ойын нәтижесінде жүлделі бірінші орынды "БҒД" командасы жеңіп алса, 2 орында «Энигма» командасы иеленді. Ал үшінші орынды “Тәке” командасы жеңіп алды (Құрамында белгілі Мangystaumedia.kz фототілшісі Талант Құсайын бар).
“Соңғы кезде елімізде қазақша куиз ойындары кең таралып келеді. Бұл әрине қуанышты жағдай. Өйткені біз мән бере бермейтін бір мәселе бар. Қазақстанның барлық қалаларында орыс тіліндегі куиздер өте көп және олардың көбі франшизаны Ресейден сатып алады. Ондағы сұрақтардың басым бөлігінің Қазақстанға, тарихы мен әдебиеті, мәдениеті мен географиясына еш қатысы жоқ. Былай қарағанда, аса қатты мән беретін дүние емес сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ мәселенің астарына үңілсек, бұл да өзінше бір эрудиция экспансиясы. Сол себепті халқымыздың салт-дәстүрін, тарихы мен мәдениеті, жалпы дүниетанымын қамтитын, білім, логика және эрудицияны сынға салатын қазақша куиздің маңызы зор. Әрине сұрақтар ауқымы тек Қазақстанмен шектелмейді, жан жақты тақырыпты қамтитын сұрақтар да бар», дейді Ақтаудағы BAS TIME жобасының жетекшісі Алтынгүл Меңдіхан.
Бүгінде Астана қаласында қазақша 2 куиз ойындары өтеді. Соның ішінде «BasTime» жобасына таңдау жасап, франшизасын алып, Ақтауға ойындар өтіп жатыр.
«Астанада Алмас Тоқабаев, Әйгерім Тоқсанбек, Ақсұлу Санғали, Ерлан Мусипов, Ертіс сияқты адамдардан құралған "BasTime" командасына журналист журналист Халима Тәжіқұл жетекшілік етеді. Ал сұрақтардың авторы – Аршат Ораз. Қазір бұл ойын еліміздің 4 қаласында жүріп жатыр. Олардың қатарында Ақтау қаласы да бар.
Аталған ойынды өткізу арқылы қазақи зияткерлік ортаны қалыптастыруға үлес қосқымыз келеді. Сіздерді де осы ойынға шақырамыз!” - дейді Ақтаудағы BAS TIME жобасының жетекшісі, журналист Алтынгүл Меңдіхан.
Енді Ақтаудағы келесі зиякерлік ойын 26 сәуірде өтпек. Қатысуға ниетті командалар 8778 278 9120 нөміріне хабарласу арқылы тіркеле алады. Өтетін орны 9-37 мекенжайындағы The Rock’s рестобары.