Ақтау қаласының 19 “а” шағын ауданында 2022 жылы басталған 1200 орындық мектеп құрылысы тоқтап қалды. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 15-20 пайызға орындалған еді. Шағын аудан тұрғындары жаңа білім нысанының құрылысын аяқтау жауаптылардың ойларында да жоқтығына, ал балаларының екі ықшамауданнан мектепке күнделікті жаяу қатынайтынына шағымдануда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Әзірге 19 “а” ықшам ауданында тұрғын үй кешендерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде, бірақ жаңа 5-6 шағын аудандарға бір ғана мектеп бар.
– Мен ата-ана ретінде мектеп құрылысының аяқталуын қалаймын. 34-шағын ауданда балалардың мектепке қалай баратынын, 2 шағын аудан арасында жаяу жүргенін күнде көремін. Қауіпті мұның бәрі, - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Бақсұлу Икембай.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, жобаның тоқтатылуына құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп. Осының салдарынан мектеп салу құны 3 миллиард 100 мыңнан 5 миллиард теңгеге көтерілген.
– Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты бүгінде бұл баға 5 млрд теңгеге дейін көтерілді. Құрылыстың аяқталмай қалуының басты себебі де осы. Республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Өтініш жолдадық, – дейді басқарма басшысының орынбасары Махмұд Қалжанов.
18 шағын аудандағы мектеп те ұзақ мерзімді құрылыс нысандарының қатарына қосылды. Оның себебі де солай. Басқарманың мәліметінше, биыл облыс орталығында «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша тағы 3 білім нысанының құрылысы басталады.