Облыс прокуратурасы еңбек жанжалдарының алдын алуға және азайтуға бағытталған «Еңбек жанжалдарының бейбіт шешімі» жобасын іске қосты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Бұл жоба еңбек жанжалдарының алдын алуға және азайтуға бағытталып отыр. Прокуратура, облыс әкімдігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және облыстық кәсіподақ орталығы арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандумның негізгі мақсаты уәкілетті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын нығайту, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және коммуникацияларын дамыту, еңбек дауларын шешуде кәсіподақтардың рөлін күшейту болып табылады.
Жұмыскерлердің мүдделеріне уақтылы әрекеттену еңбек ұжымдарындағы қолайлы ахуалды нығайтуға мүмкіндік береді - деп есептейді облыс прокуроры Руфат Құттықов, ал мүдделі тараптардың тиісті өзара іс-қимылы адамдардың проблемаларын шешудің жеделдігін қамтамасыз етеді және тиісінше наразылық көңіл-күйін төмендетеді.
Меморандум шеңберінде еңбек мәселелері жөніндегі жұмыс комиссиясы жұмысқа кірісті, облыстағы даулар мен жанжалдардың себептері, оның ішінде басқа өңірлердің тәжірибесін зерделеу арқылы талданады.
Мемлекеттік органдар, кәсіпорындар басшыларының еңбек ұжымдарымен кездесулер тұрақты болуға тиіс, тараптар дауларды жанжалдарға жеткізбей, бір-бірін тыңдап, уәделесуді үйренуге міндетті - деді облыс прокуроры.