Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Бектемірдің төрағалығымен жергілікті бюджеттің салық салу базасын ұлғайту бойынша отырыс өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысқа Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, Маңғыстау облыстық экология департаменті, Маңғыстау облыстық полиция департаменті және қала, аудан әкімдері қатысты.
Жиын барысында Маңғыстау облысының әкімдігі мен Маңғыстау облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті арасында «Маңғыстау облысының 2023 жылға арналған бюджетінің кіріс бөлігін толықтырудың қосымша резервтерін іздестіру жөнінде іс-шаралар жоспары» келісіліп, бекітілді.
2023 жылға арналған жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің бекітілген жоспары - 183,8 млрд.теңге. Оның ішінде 174,3 млрд.теңгесін немесе 94,8% - салықтық түсімдер.
Облыс әкімінің орынбасары Руслан Бектемір жыл соңына дейін жергілікті бюджеттің салық салу базасын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта қала мен аудан әкімдіктеріне штаб құру, жұмысшы топтар мен басқа өңірлерден келген сервистік компанияларды жергілікті кірістер органдарында тіркеу бойынша жоспарлы көрсеткіштерді анықтауды тапсырды. Оған қоса жауапты органдарға нарық нысандарына визуалдық хронометраждық тексеру жүргізуді, жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты төлемейтін шағын және орта бизнестің әрекетсіз субъектілерін анықтау бойынша уақытылы, сапалы жұмыстарды орындау қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, салық базасын кеңейтуге бағытталған шараларды іске асыруда туындаған мәселелерді шешуде Маңғыстау облысының Мемлекеттік кірістер департаменті мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, қажетті жұмыстарды ұйымдастырады.