Бүгінгі Отпан тауда тойланып жатқан мерекеге облыстан бөлек, республиканың түкпір - түкпірінен келген қонақтар өте көп, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Дәстүр бойынша Қара таудың ең биік шоқысында елуге жуық киіз үй тігіліп, мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды. Өңірде маңғаз жатқан тарихи Отпан тауда жағылған от, көтерілген қазан, көңілді шарықтатқан шадыман-думан асқақ рухпен астасып, халықтың жақсы көңіл - күймен мерекені қарсы алуына септігін тигізіп отыр. Арнайы мерекелік шараға Шымкент қаласынан келіп отырған Елік Үсенқызы өзінің ой - пікірмен бөлісті.
- Руым Сергелі, Ұлы жүз. Бәйдібек атаның ұрпағымын. Шымкенттің тумасы боламын. Бұл жаққа Амал мерекесіне орай арнайылап келдік. Осындай ұлы мерекенің қарсаңында Маңғыстауға келуді студент кезімнен ойлайтынмын. Осы жылы бұйыртып келіп тұрмыз. Мұндағы атмосфера әдемі әрі ерекше болып жатыр,-деді шара қонағы Елік Үсенқызы.
«Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде мерекелік көңіл - күй көтеріңкі. Бейнеуден Амал мерекесіне арнайы келген Жандос Нұрсұлтанұлы да өзінің әсерімен бөлісті.
- Бүгін Мұңал атадан тараған ұрпақтарының ұйымдастыруымен үлкен іс - шарада бас қосып жиналып отырмыз. Осындай қуанышты күнде аман - есен жолығып, қонақтардың қатарынан болғаныма қуаныштымын. Келесі жылы да осындай ұлы жиынның куәгері боламын деп ойлаймын. Аман болайық, - деді Жандос Нұрсұлтанұлы.
Ойдағы-қырдағы ағайынмен құшақтасып, көрісу үшін Атырау мен Алтай, Арқа мен Алатау арасындағы алты Алаштың балалары әлі де болсын елдің түкпір - түкпірінен ағылып келіп жатыр.