1 қыркүйекке жеті-ақ ай қалғаны мәлім. Осыған орай, мектепке даярлық сыныптарының маңызы және жеке репетиторлар қызметіне жүгіну тиімділігі жөнінде сарапшылар пікіріне құлақ түрдік, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Биыл Айман Ищанованың Арман мен Самат есімді егіздері мектеп табалдырығын аттайды.
— Кез келген ата-ана үшін өз баласы ең ақылды, алғыр әрі елгезек емес пе? Әуелгіде баланың мектептегі оқу үдерісіне бой үйретуі біраз қиындық тууындатуы мүмкін. Мұғалім мен оқушының ортақ тіл табысуы, баланың бойындағы қарым-қабілеті мен мінез-құлқындағы ерекшеліктерін бажайлау білуі үшін уақыт қажет. Сондықтан ата-ана ретінде мектепке даярлықтың маңызын түсінгендіктен осы бастан-ақ жеке репетиторлардың қызметін қолдануды жөн деп таптық. Екі балам да екі сағаттан репетитор дәрісін алады. Бір үйден екі бала болғандықтан,бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Соның өзінде бір аптаға 30 мың теңге төлейміз. Әрине,аз ақша емес. Мектепалды даярлық сыныптарында бала көп. Жекелей жұмыс жасауға мүмкіндік туа бермейді,-дейді Айман Ищанова.
Балалар психологы Айкөркем Серікқызы қаржылай мүмкіндігі бар отбасы баласын мектепке дейінгі дайындық курстарына беруі ләзім деген пікірін білдірді.
-Мектепте бала өз қатар-құрбыларымен тіл табысуды, ішкі эмоциясын тежеп, тәртіпке бағыну мен белгілі бір дүниелерге зейінін аударуды үйренеді. Бастапқы кезеңде мұндай жағдай бала үшін өте қиын болуы мүмкін. Сондықтан білім ордасына бағыт алған бала жаңа кезеңге жылдам бейімделуі үшін даярлықты бір жыл бұрын бастаса құба-құп. Қандай жағдай болмасын, осы тұста ата-ана мен баланың арасындағы өзара қарым-қатынас оның қоршаған орта туралы дүниетанымы мен көзқарасының қалыптасуына зор әсер ететіндігін естен шығармауға тиіспіз. Күнделікті күйбең тірліктен бір сәт қол үзіп, баланың тілегі мен өтінішіне назар аударған жөн",-дейді психолог-маман.
Мектепке даярлық сыныптарының құнын сараласақ. Жеке репетиторлар қызметіне жүгінген жағдайда 1 сабақтың орташа құны 6 мың теңгені құрайды. Ал топ құрамында даярлық айына 30 мың теңгеге бағаланады. Оқуға даярлық бағдарламасымен қоса тамақтандыру мен тасымалдау қызметін ұсынатын ұйымдардың толық пакеті айына 60 мың теңгеден басталады. Ал үй жағдайында оқытатын репетитор қызметінің бағасы сағатына 3500 теңгені құрауы мүмкін.
Жеке репетитор Наталья Михайлова баланы мектепке бейімдеу мен білімге деген қызығушылығын арттыру үшін даярлық курстарына берудің маңызы зор деп түсіндіреді. Оның сөзіне сүйенсек, ең бастысы біз білім ошағы тек әріптерден сөз құрауға баулитын ұйым ғана емес баланың тұлғалық дамуына кешенді ықпал ететін маңызды орта екендігін ұғынуымыз қажет.
ҚР оқу-ағарту министрлігінде 1-сыныпқа баратын баланың нені білуі керектігі жөнінде түсініктеме берді. Олардың мәлімдеуінше оқушылардың басым бөлігі Әліппені, әріптер мен сандарды мүлдем біле бермейді. Әйтсе де бұл мемлекеттік білім беру ұйымдарына балаларды қабылдауына кедергі келтірмейді.
Бастауыш сыныптарының мұғалімі Роза Ақбергенқызы бірінші сыныпқа баратын бала ең бастысы барлық әріптер мен күрделі сөздерді айқын әрі нақты дыбыстай алуы қажеттігін айтады.
"Оқушы өзінің, ата-анасының, бауырлары мен туған-туыстарының аты-жөнін, толық жасын білуі қажет. Қай елде, қай қалада тұратынын, мекен-жайынан хабардар болғаны жақсы. Жеміс-жидектер, көкөністер, жан-жануарлар мен төрт түлік, табиғат құбылыстары, жыл мезгілдері туралы түсінігі болғаны жақсы. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бала 10-ға дейін санап білгені жөн",-дейді ол.