Қазақта "қой егіз тапса, шөптің басы айыр туады" деген халық даналығы бар. Бұл әр бала өз несібесімен туады деген сөз мәнісі. Алайда елімізде көпбалалы отбасылардың тұрмыс күйі көбіне көңіл көншітпейді. Осы тұста халық санының өсіміндегі өзгерістер ел экономикасының әлеуетіне тәуелді екендігіне тағы да көз жеткізгендей боламыз, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Бұл жолғы мақалада жүктілік пен бала өмірге келуіне орай төленетін біржолғы жәрдемақы мен баланың күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы жөргекпұл нәрестенің қажеттіліктерін өтеуге қаншалықты жарайтындығын зерттеп көрмекпіз.
Бір-біріне тете екі балалы Айна есімді келіншек қызметінен қол үзгеніне үш жылға жуықтап қалды.
"Екінші сәбиімді бір жарым жыл бұрын босандым. Декреттік демалысқа шығарымда 115 мың теңге көлемінде біржолғы төлем түсті. Бұл қаражатты тұтасымен нәрестенің төсек-жабдығына, киім-кешегі мен перзентханаға қажетті бұйымдарға жұмсадым . Ал ай сайынғы 22 мың теңге жәрдемақы жөргектен ауыспайтын. Бір жастан кейін төлем тоқтады. Жұмысыма қайта кірісуге мүмкіндік болмай тұр. Жолдасымның жалақысын әупірімдеп жүріп, кәдеге жаратуға тура келіп отыр ",-дейді ол.
Биылдан бастап бірінші, екінші, үшінші бала үшін берілетін бір жолғы жәрдемақы 120 840 теңгені, төртінші және одан да көп бала үшін 200 340 теңгені құрады. Ал босанғаннан кейін бір жарым жыл бойы Үкімет ай сайын үлестіретін жәрдемақы соммасы жұмыс жасамайтын аналар үшін тұңғыш балаға 19 872, екіншіге 23 495, үшіншіге 27 083, төртінші балаға 30 795 теңгеге теңесті.
Мен тілдескен аналардың басым бөлігі бұл қаржының күн санап құны шарықтап жатқан бір реттік жөргектерден артылмайтындығын айтады.
"Жөргектер сапасына қарай бағасы да сан түрлі. Нәрестенің балғын терісіне теріс әсері жоқ, қоспасыз, табиғи таза Melow, Merry, Babybee, Huggies сынды корейлік, жапондық, ресейлік жөргектердің бір бумасы 9-10 мыңнан басталады. Ал бір айда балаға 3-4 қорап жөргекті қолданамыз. Ал мен ай сайынғы сауда нүктелеріндегі жеңілдіктер науқаны тұсында 5-6 мың теңгелік түрлерінен аламын. Соның өзінде ай сайын 20-25 мың теңге тек жөргекке жұмсайды екенбіз. Үшінші нәрестеме ай сайын 22 044 мың теңге аламын. Біз үй жалдап тұрамыз. Пәтерақы коммуналдық төлемдермен қоса есептегенде 130-140 мың теңгені құрайды. Бала күтіміне байланысты үйде отырмын. Жолдасымының жалақысы 200 мыңға жуықтайды. Тұрмыс күйіміз осындай",-дейді Арай есімді ақтаулық келіншек.
Жөргектің "жыры" мәлім. Кей аналар денсаулығына және өзге де себептерге байланысты нәрестеге жасанды бала ағзасына бейімделген сүт қоспаларын беруге мәжбүр болады.
Нәрестелерге арналған құрғақ сүт қоспаларының құны құнарлылығы мен құрамындағы пайдалы қоспалардың үлес салмағына қарай құбылады. Ірі сауда орталықтарындағы сөрелерде жеңілдікпен Kabrita сүті 20 мың теңге, Nutrilon 6 - 12 мың аралығында, ал Малоежка қоспасы 5 мың теңге жобасында.
Бір жасқа дейінгі балаларға тегін сүт қоспасы ерекше жағдайларда ғана беріледі. Оның ішінде сәбиді асырап алу, бір отбасында бірнеше сәбидің өмірге келуі, анасының стационарда емделуі сынды жағдайлар ғана бар.
Өзге елдер тәжірибесі
Хош, елімізде бала дүниеге келгенде төленетін жөргекпұл, жәрдемақы мөлшері сәбидің барлық қажеттіліктерін өтеуге жетпейтіні белгілі. Ал өзге елдерде ахуал қандай?
Жерасты қазба байлығы жоқ Жапониядағы жүктілік, баланы дүниеге әкелу және бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мөлшеріне келсек, баланы дүниеге әкелу мен оны күтуге байланысты бір реттік жәрдемақы 420 мың иен (4078 доллар). Бұл қаржы бір балаға медициналық сақтандыру есебінен және әйелдің жұмыс істеу-істемеуіне байланыссыз беріледі. Жүктілік кезіндегі демалыста әйелдерге айлық жалақының үштен екісі мөлшерінде жәрдемақы төленеді екен.
Ал биылдан бастап көршілес Ресей елінде отбасы тұңғыш баласын дүниеге әкелсе 589.5 мың рубль, ал екіншісі баласы үшін 189.5 мың рубль теңге көлемінде "Ана капиталын" алады. Алайда отбасылық капиталды өз қалауыңызша жұмсай алмайсыз. "Ана капиталы" арқылы үй сатып алуға немесе ипотекалық заемды жабуға, құрылыс компаниялары арқылы үй салып алуға да мүмкіндік беріледі.
Одан бөлек, ақшаны білімге жұмсауға болады: мектепке дейінгі мекемелердің немесе жоғары оқу орындарының ақысын төлеу қарастырылған. Не болмаса, капиталды әйелдің зейнетақы жинағына қосуға болады. Жалпы ереже бойынша, ана капиталын бала үш жасқа толғаннан кейін пайдалануға болады. Тек бастапқы жарна төлеу, негізгі борышты өтеу және тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ мүгедек баланың әлеуметтік бейімделуіне бірден жұмсауға рұқсат етіледі. Ана капиталын депозитке салуға, көлік сатып алуға, өз несиеңді жабуға немесе коммуналдық қызметтерді төлеуге болмайды. Мемлекеттік сертификатты қолма-қол ақшаға айналдыруға заң бойынша тыйым салынады.