Ақтаудың № 11 мектеп-лицейінің оқушылары робототехника бойынша халықаралық байқауда екінші орын алды, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz.
350-ден астам топ қатысқан «Roboland-2024» халықаралық байқауы Қарағандыда өтті. Ақтаулық топ конкурста «Тазалық күзетінде» деп аталатын жобасын қорғады.
«Оқушылар адамның қоғамдық орында қоқыс тастайтынын қалай дәлелдеуге болатыны туралы ойланды. Оларға робототехниканың көмегімен веб-камераны қоқыс жәшігіне орнатуға болады деген ой келді. Осылайша лазер қоқыстың нақты қайда түскенін анықтайды. Камера қоқысты жәшік сыртына лақтыратын адамдарды түсіріп, содан кейін бұл адамдарға айыппұл салынуы үшін полиция бөліміне жібереді. Осылайша, біздің оқушылар қаламыздың тазалығын күзетеді», - дейді жеңімпаздар командасының тәлімгері Ізбибі Батқанбаева.
Оқушылардың жаттықтырушысы Марат Атаназаров бұл жобаның Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Әзербайжаннан келген балалар қатысқан байқауда қалай ерекшеленгені туралы айтып берді.
«Біріншіден, біз жыл басынан дайындалып бастадық. Дайындық өте күшті болды. Идеяны жігіттердің өздері айтты, жұмыс істеуге өте ынталы болды. Мен оларға бағыт көрсетіп отырдым. Бұл сайысқа Маңғыстаудан 17 команда қатысты, олардың 5-еуі менің басшылығымда болды. Дайындықтың кезінде қиындық болған жоқ, бірақ болашақта, егер біз ірі жобалар жасайтын болсақ демеуші іздеуіміз керек. Себебі роботқа салынатын шағын чиптің құны 480 мың теңге. Ал жоба неғұрлым маңызды болса, көпфункционалды құралдарға көбірек ақша жұмсау қажет болады», - дейді жаттықтырушы Марат Атаназаров.
Жеңімпаздарды мектепте қуанышпен қарсы алды. Оқытушылар концерттік бағдарлама дайындап, ал Мерей Алтынбек пен Әлішер Сағызбайдың сыныптастары «Біздің мақтанышымыз!» деген плакаттармен күтіп алды.
Мерей робототехникамен 4 жылдан бері айналысады, ал Әлішер 7 жасынан бастап роботтарды құрастыра бастаған.
«Жобаны құру идеясы серуендеп жүргенде пайда болды. Яғни, көшеде шашылып жатқан қоқыстардың соншалықты қорқынышты болатынына көз жеткіздік. Біз экологиямызға көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасағымыз келеді. Бұл жобамен қаладағы қоқыс мөлшерін азайтуға болады. Ал роботты жасау өте қызықты әрі күрделі процесс болды», - деп еске алады Мерей Алтынбек.
Балалардың болашаққа үлкен жоспары бар. Екеуі де Ақтауда робототехниканы дамытуды көздеп отыр.