Жыл басынан бері кәмелет жасқа толмаған балаларды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаған 483 ата-ана жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бақытжан Берикбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол беру бойынша 107 құқық бұзушылық, заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23.00-ден таңғы 06.00-ге дейін жүруі бойынша 1 728 құқық бұзушылық анықталған.
Сонымен қатар брифингте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күнделікті сағат 07:30-дан 08:00-ге дейін, 12:30-дан 13:30-ға дейін, 18:00-ден 19:00 аралығында ювеналды полиция инспекторлары мен патрульдік полиция инспекторлары, білім беру ұйымдарына іргелес жатқан автомобиль жолдарындағы жаяу өтпелерде, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бекітілгені айтылды.
Облыста полиция департаменті мен білім беру ұйымдары бірлесіп, профилактика тақырыбында құқықтық тәртіп мәдениетін қалыптастыру үшін оқушылар арасында 960-қа жуық сабақ мен кездесу өткізген.
- Биыл көктемгі мерекелер қарсаңында «Сіздің жолаушыңыз бала», «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Есепте тұрған 220 қолайсыз отбасымен және 197 жасөспірім балалармен алдын алу жұмыстары жүргізіліп, облыс бойынша 595 білім беру ұйымдарының жасөспірімдеріне «Пәтердегі қауіпсіз бала», «Бала зорлық-зомбылықтың құрбаны болмау үшін не істеуі керек», «Баланың тұрғын-үйден тыс жергегі қауіпсіздігі», «Бала және бөгде адамдар», «Көшедегі баланың қауіпсіздігі», «Баланың мектепке баратын жол қауіпсіздігі» сынды сабақтар өткізілді, - деді Бақытжан Берикбаев.
Айта өтейік, облыста балалар мен ересектерге көмек көрсету мақсатында білім басқармасында, аудандық, қалалық білім бөлімдерінде сенім телефондары мен сall орталықтары жұмыс жасайды. Сондай-ақ әлеуметтік желіде республикалық «Бала қорғау» чаттары қызмет көрсетеді.
Бірыңғай мемлекеттік байланыс нөмірі: 111
Сенім телефоны: 8 (7292) 60-75-15