Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы мектептердің құрылыс жұмыстарын қарады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл мектептер облыс бойынша екі ауысымда оқитын 44 000 оқушыны қамтиды. Оның ішінде екі ауысымда 21 200 оқушыға арналған 8 мектеп облыс орталығы Ақтауда салынады. Қазіргі таңда 8 мектептің алтауының құрылысы басталды. Сонымен қатар, Ақтауда «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен әрқайсысы 1 200 орындық 2 орта мектептің құрылысы жүріп жатыр.
“Бұл мектептер заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталады. Біздің басты мақсатымыз — балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз етіп, қолайлы орта қалыптастыру үшін жағдай жасау. Жаңа білім ошақтарының ашылуы қаладағы 7 мектептегі үш ауысымдық оқыту мен оқушы орнының тапшылығы мәселелерін шешуге көмектеседі”, - деді Динара Жұмашева.