Ақтаудағы Ф. Оңғарсынова атындағы мектептің оқушылары республикалық «Арт бәйтерек» байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Конкурстың «Вокал» номинациясы бойынша 17 оқушыдан құралған «STARS» вокал тобы «Егемен елім!» әнін орындап І орын иегері атанса, «Балдәурен» ансамблі «Ұстаз-ана» әнімен жүлделі ІІ орынды иеленді.
Оқушылар мектеп қабырғасындағы ән үйірмесіне 2 жылдан бері қатысып жүр. Өткен жылы ансамбльдер «Ақ көгершін» байқауының республикалық және халықаралық кезеңдеріне қатысып жүлделі I және III орынды иеленіп, жақсы нәтиже көрсеткен.
Мектеп ансамбльдерінің жетекшісі, музыка пәнінің мұғалімі Назира Тұржанованың айтуынша үйірмеге жылда жаңа оқушылар келеді. Бұл жас таланттарды анықтап, балалардың бос уақытын тиімді өткізуге зор үлесін қосуда.
-Менің оқушыларым облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Қаладағы түрлі мәдени, мерекелік шаралардың басы қасында жүреді. Ансамбльдер танымал деп айта аламын. Бұйыртса Түркістан, Алматы қалаларына шақырту алдық. Ата-аналардың қолдауымен байқауларға барып, жүлделі ораламыз деген зор үмітіміз бар, - дейді Назира Тұржанова.