Ресейдің Астрахан қаласынан басталған мотокеруен Ақтау қаласына жетті. Олар 11 күн ішінде Каспий маңы елдерін аралап бес мың шақырымға жуық жолды артқа тастамақ, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Қатысушыларды Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен қала тұрғындары құрметпен қарсы алып, ұлттық тағамдарын ұсынды.
-Астрахан қаласынан жол тартқан мотокеруен Ақтау қаласына келді. Бұл шеру Каспий маңында орналасқан мемлекеттердің бейбітшілігін нығайтады деген сенімдемін. Сондай-ақ, мотошеру қатысушыларға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әдемі табиғатымызды көреді. Мемлекеттік қызмет және бизнес өкілдерімен, облыс басшыларымен танысады. Қазіргі таңда барлық мемлекет ашықтықты қолдайды. Өйткені кез-келген кездесу адамның ой-өрісін кеңейтеді, бейбітшілік пен достыққа бағыттайды, - деді Нұрлан Ноғаев.
Мұндай маршрут бойынша мотоциклдер шеруі алғаш рет өткізіліп отыр. Шеруді Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкин басқарады.
-Астрахан - Каспийдің Ресей еншісіндегі маңызды геостратегиялық аумағы және елдің сыртқы саясатының басты бағыттаушысы. Біз барлық Каспий маңы елдерімен ынтымақтастықты белсенді дамытып жатырмыз. Экономикада да, гуманитарлық салада да көптеген бірлескен жобаларымыз бар. Біздің өңірден бастау алған мотошеру «Каспий бестігінің» арасындағы бейбітшілікті, достық пен келісімді өркендете түсуіне қызмет ететініне сенімдімін, - деді Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкин.