Ақтау қаласындағы №1 орта мектебі наурыз мерекесін атап өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Орыс тілінде білім беретін оқу ордасы биыл наурыз мерекесін ерекше дайындықпен өткізді. Жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтетін Ұлыстың ұлы мейрамы оқушылар үшін асыға күтетін күннің бірі.
Шара барысында білім ошағының директоры Бекес Испекеев көпшілікті мерекемен құттықтады.
“Қазақ елін бүгінгі наурыз мерекесімен құттықтаймын. Ұлыстың ұлы күні халқымыздың айтулы мейрамы. Амал мерекесі баршаға құтты болсын! Халқымыз әрдайым ынтымақ пен бірлігі жарасып, күн мен түннің, қараңғы мен жарықтың, ақ пен қараның теңелетін уақытын ерекше қасиетті деп санайды. Барша шаңыраққа ырыс пен құт, береке мен бірлік тілеймін. Елімізде молшылық болып, берекеміз арта берсін! Халқымыз аман, болашағымыз жарқын, ұлтымыздың болашағы баянды болсын. Ұлттық құндылығымыз ұлықтала берсін”, деді мектеп директоры Бекес Өмірханұлы.
Мерекеге орай мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. Мерекелік әндер шырқалып, қазақтың ұлттық биін биледі. Мектеп директоры Наурыз мейрамы жылда жоғары деңгейде өтетінін, оған ұстаздармен бірге оқушылар да зор үлес қосатынын атап өтті.