Мұнайлы ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында «Таза Қазақстан» экоакциясы жүріп жатыр. Бұл науқанға Дәулет ауылында тұратын көркем еңбек пәнінің мұғалімі Қосай Аманбаев та өз үлесін қосты. Ол осы акция аясында өз ауласына егін егіп, көшеттер отырғызды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауласы көк желекке көмкерілген Қосай мырза үшін бау-бақшаның күтімін келістіріп, күнделікті суару, арам шөптен арылту — үйреншікті тірлік. Табиғат қамқоршысы көшет егіп, бау-бақшаны баптап бір сәт тынығады. Үлгілі маманның үйінің маңында шие, алша, алма, жүзім, өрік, шабдалы ағаштары жайқалып тұр.
- Біздер Дәулет 17/25 үйде тұрамыз. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылымызға су берілді, сол суды орынды пайдаланып, бос уақытымызда өз ауламыздағы жеміс ағаштарын баптаумен айналысамыз. Тамшылау әдісімен суарып, өсіреміз. Арам шөптерін жұламыз, оны өзіміздің асырап отырған үй жануарларына береміз. Араларында жоңышқа шөбінің болғаны, шөп сатып алмауға едәуір үнем боп жатыр. Бұл – мен үшін өте қызық, әрі денсаулыққа пайдалы іс, - деді Қосай Аманбаев.