Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің әскери қызметкерлері Ақтау, Форт-Шевченко қалалары, Ақшұқыр, Құрық, Баутино ауылдарының студенттері мен оқушылары үшін «Ашық есік күнін» өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру, халықтың әскерге деген сенімін қалыптастыру. Шара аясында мектеп оқушыларына шекара бөлімдерінің аумақтары мен шекаралық патрульдік кемелер бойынша экскурсия ұйымдастырылып, казармалар, оқу кабинеттері мен спорт бұрыштары көрсетілді, шекара бөлімшесінің қару-жарағы мен әскери техникасы, кинологтардың жұмысы көрсетілді.
Экскурсия барысында шекарашылар студенттерге шекара қызметі, әскери оқу орындарына түсу шарттары мен әскери қызметтің артықшылықтары туралы айтып берді.
Соңында студенттерге Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясына және шекара бөліміне мамандар дайындайтын шетелдік әскери жоғары оқу орындарына түсу туралы ақпараттық брошюралар таратылды. Айта кетейік, "Ашық есік күні" жыл сайын өткізіліп тұрады.