Ақтау әкімдігінде стационарлық емес сауда нысандарын орналастыру, орындарын айқындау және бекіту бойынша комиссия отырысы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Дархан Абдалиевтің төрағалығымен өткен жиынға қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, қалалық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасы, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы, қалалық жер қатынастары бөлімі және «Аналар кеңесінің» өкілдері қатысты. 22 сәуір мен 3 мамыр аралығында қала аумағында стационарлық емес сауда объектілеріне жеке және заңды тұлғалардан құжат қабылдау жүргізіліген болатын. Нәтижесінде жеке және заңды тұлғалардан жеміс-жидек, бау-бақша өнімдеріне 36 өтініш, ал балмұздақ, жүгері, алкогольсіз сусындар мен квас сатуға 28 өтініш келіп түскен.
-Отырыста стационарлық емес сауда нысандарына өтініштер қарастырылды. Комиссия шешіміне сәйкес жеміс-жидек, бау-бақша өнімдері бойынша 18 шаруа қожалығының, ал балмұздақ бойынша 5 жеке кәсіпкердің өтініші қанағаттандырылды. Барлық кәсіпкерлер міндетті түрде маусымдық сауда орындарындағы тазалықты сақтау қажет, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Дархан Абдалиев.
Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі стационарлық емес сауда нысандарының қалған орындарына шаруа қожалық иелері(жеміс-жидек, бау-бақша) және жеке кәсіпкерлер(балмұздақ, жүгері, алкоголсіз сусындарға, квасқа) қосымша өтініш беруге болатындығын хабарлайды.
Стационарлық емес сауда объектілеріне мына құжаттар қабылданады(өтініш, жеке куәлік көшірмесі, жеке кәсіпкерлікті куәландыратын куәлік көшірмесі, салық органында қарызы жоқ туралы анықтама)
Құжаттарды сағат 9:30-12:00 және 14:30-18:00 аралығында Ақтау қаласының әкімдігі 2 қабат, 204 кабинетке келіп тапсыруға болады.