Азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыс пен лаңкестік әрекеттердің алдын алу, қылмыскерлермен күресу жолында антына адал жауынгерлер аз емес. Солардың бірі – Маңғыстау облысы ІІД арнайы жасақ аға инспекторы Берік Әбдірахманов, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Берік Әбдірахманов 1986 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 10 жылдан бері Ішкі істер органдарындағы қызмет етіп келеді. Полицей-кәсіпқой боксшы, жаттықтырушы, Азия чемпионатының алтын жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ол AIBA Pro Boxing жобасында жүлде алып, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарына қатысты.
Тәртіп сақшылары үшін, әсіресе, арнайы жасақ қызметкерлері үшін спорттың маңызы зор.
– Жұмысымыздың жауапкершілігі барлығына белгілі. Сондықтан арнайы жасақтағы жұмысқа орналасу үшін үміткердің дене бітімі жақсы болуы керек», – дейді Берік Есенұлы.
Ел тыныштығын күзететін азамат уақытының көп бөлігін спортқа, отбасына арнайды. Бүгінде жұбайы Венера екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. Сонымен қатар аға инспектор жұмыстан бос уақытында өскелең ұрпақты спортқа баулиды.
– Барша қазақстандық ерлер мен әріптестерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Деніңізге саулық, қызметіңізге табыс тілеймін», – дейді Берік Әбдірахманов.