Отан қорғаушылар күні қарсаңында Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жас жігіттерді Ақтау қаласының әуе базасына әскери борышын өтеуге жіберу аясында салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты жиынға жергілікті атқарушы органдар мен қоғам өкілдері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, әскери бөлім командирлері, қорғаныс істері жөніндегі департаменттің офицерлері мен сержанттары, сондай-ақ жастардың туған-туыстары қатысты.
Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, бөлім бастығы майор Еркін Алпановтың айтуынша, бұл - әскерге шақырылғандардың он бесінші легі. Жас жігіттер Ақтау қаласына жеткізілді. 20 жас Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әуе қорғанысы күштерінің қатарын толықтырады.
Қарулы Күштерде көктемгі әскерге шақыру науқаны аяқталуға жақын. Биыл көктемде Маңғыстау облысынан Қазақстан әскері мен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қатарына 350-ден астам сарбаз аттанды.
-Ағымдағы жылдың 15 мамырынан бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына мерзімді әскери қызметшілерді қабылдау және жіберу басталады, деп атап өтті Еркін Алпанов.
2024 жылдың көктемінде Маңғыстау облысынан Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіз жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 600-ге жуық жас толықтырады.