Биыл Ақтау қаласы бойынша тоқ қуатының жетіспеушілігін жою мақсатында 20 трансформаторлық станция жаңартылады. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов тұрғындармен кездесуінде айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
-1, 3, 4, 5, 6, 7 және 13, 28 шағын аудандардағы трансформаторлық станциялар жаңартылып, бір трансформаторлық станциялар екі трансформаторлық станцияларға ауыстырылады. Жұмыстар аяқталып, нысан пайдалануға берілгеннен кейін, аталған шағын аудандардағы трансформаторлық станциялардан жалғанған 0,4 кВ кабельдердің жүктемесі 50%-ға азаяды, - деді қала әкімі Е.Ізбергенов.
Осыған дейін қаламыздағы станцияларды жаңарту 2 кезеңде жүзеге асырылып, 40 трансформаторлық станция жаңартылды. Бұл - үшінші кезең.
Айта кетейік, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу барысында, жоспарлы түрде рет-ретімен тоқ уақытша сөндіріледі.