Ақтауда «Кітап AMANAT» кітап орталығы ашылды. Аталған жоба осыған дейін Алматы, Астана мен Жамбыл, Павлодар, Жетісу облыстарында жұмысын бастаған болатын, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«AMANAT» партиясының Маңғыстауда өткен іс-шараға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапаққызы, ақын-жазушылар, баспагерлер мен партия ардагерлері, жастар қатысты.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапаққызы жобаның ерекшелігі мен мақсатына тоқталды.
- «AMANAT» партиясы Президенттің бастамасын қолдап, өңірлерде кітап орталықтарын ашып жатыр. Жобаның тұсаукесері партияның Алматы қалалық филиалында өтіп, оған Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов арнайы қатысқан болатын. Бұл жұмысқа еліміздегі баспагерлер де үлесін қосып жатыр. «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы аясында елдегі жазушылардың есімі танылады. Негізгі мақсат - кітапсүйер қауымға сүйікті кітаптарын жеткізу, жалпы әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, отандық авторларды қолдау, - деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапаққызы.
«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұхамбет Жайлыбаев жобаны партияның ұлттық руханиятты дамытуға, кітапты насихаттауға қосатын үлес екенін айтты.
Айта кетейік, «Кітап AMANAT» орталығы партияның өңірдегі Жаңаөзен қалалық филиалында да ашылады.