Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында кәсіпкерлер зәйтүн өсіріп, май өндіруді қолға алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Салада 10 ай ішінде жалпы инвестиция көлемі 1 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылды. Оның ішінде азық-түлік сақтау қоймасы, жылыжай, ет өңдеу комбинаты және ет өнімдерін консервілеу жобалары бар. Нәтижесінде 80-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Көкөністер мен жемістерді сақтау қоймалары, жылыжайлар, ет өңдеу комбинаты, ет өнімдерін сақтау жобалары қолға алынды. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Астанадағы ОКҚ-де өткен брифинг барысында айтты.
Өңір басшысының айтуынша, биыл Маңғыстау облысының кәсіпкерлері зәйтүн ағашын өсірумен айналыса бастаған.
"Қазірдің өзінде 2 мың зәйтүн ағашының көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ, көшеттер Арыс және Жаркент қалаларында тәжірибе ретінде қолға алынды. Егер біздің тәжірибеміз жақсы нәтиже көрсетсе, кәсіпкерлер 10 мың гектарға зәйтүн ағашын отырғызып, зәйтүн майын өндірумен айналысуды жоспарлап отыр, - деді Нұрлан Ноғаев.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысында 5 жобаны жүзеге асыру жоспарлаған. Оның ішінде 4 жоба жылыжай кешенін салу бағытында көрінеді.
"Азық-түлік тауарларының 84 пайызы өңірге шетелден әкелінеді. Бұл тәуелділікті азайту үшін біз жылыжайлар салдық. Сонымен бірге, азық-түлік қоймаларын салу мәселесі алдымызда тұр. Бұл жобалардың жалпы құны - 2, 2 млрд теңге шамасында, - деді Нұрлан Ноғаев.