Ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің жаршысына айналған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын маңғыстаулықтар тойлауды бастады. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Әз-Наурыз» мерекесі биыл да ерекше сән-салтанатымен Наурыз тойының шымылдығын ашты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мереке аясында барлық мекеме қызметкерлері салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында қазақы болмысымызды танытатын ұлттық киімдерімізді киіп, шара қонақтарына ұлттық тағам, сусындарымызды ұсынып, мерекені одан әрі жандандырып жатыр. Сондай-ақ, мерекеде жастардың қатысуымен ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өткізіліп жатыр.
Мерекеге орай Форт - Шевченко қаласынан арнайы келген Таңсұлу Зербекбаева өзінің жылы лебізімен бөлісті.
- Көпшілік қауым Ораза қабыл болсын. Наурыз мерекесі құтты болсын. Той тойға жалғаса берсін. Жыл жақсылығын берсін, - деді қала қонағы.
Ағайынмен көрісіп, мерекеде көңіл босатысып жатқанда бата беру шараның ең негізі сәттерінің бірі. Осы орайда ақсақалдарымыз ақ батасымен бөлісіп, ақ жаулықты әжелеріміз шашуларын шашып, әдемі көңіл - күймен мерекені қарсы алып жатыр.
- Жаңа жыл жақсылығымен келсін,
Ақ мол, береке мол болсын.
Денсаулықтарың мықты болсын
Өмірлеріңіз мәнді де, сәнді бола берсін! - деді шараға келген Балабатыров Тілектес.
Мереке қарсаңындағы әуезді ән мен ұйымдастырылған түрлі көрмелер халыққа ерекше мерекелік әсер сыйлауда. Осыған орай шара қонағы өз әсерімен бөлісті.
- Наурыз құтты болсын. Мерекелік көңіл - күй өте жоғары. Барлығы жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған. Ұлттық тағамдарымыздан ауыз тиіп, түрлі көрмелердің куәгері болдық. Мереке жалғасын таба берсін! - деді қала тұрғыны.
Жақсылық пен ізгіліктің бастауы болған Наурыз мейрамы барша қазақстандықтардың өміріне жаңа тыныс әкеліп, шуақты нұрына бөлегей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!