Биыл Наурыз мейрамында алғаш рет Журналистер үйі тігілді. Мұнда өңірдегі БАҚ өкілдері қазақша нақыштағы киім киіп, ұлттық тағамдардан дастарқан жайып, қала тұрғындарын қарсы алып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Киіз үй ҚР Журналистер Одағының Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен құрылған. Облыстық "Маңғыстау Медиа" ЖШС және "Маңғыстау" телеарнасының жәдігерлері, өңір басылымдары мен архивтегі суреттерден көрме жасақталған.
- Биылдап бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Наурыз мейрамы ерекше тойланып жатыр. Осы орайда облыстың журналистері де бас алаңға киіз үйімізді тігіп, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлауды жөн көрді. Келген тұрғындар облыстағы БАҚ жұмысымен танысып, киіз үйден дәм татуда, - деді ҚР Журналистер Одағының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Гүлмира Әбішова.
Наурыз мейрамын тойлауға келген тұрғынның бірі - Алина Иманова. Ол архивте сақталған журналистердің суретін қарап, көне құрылғыларды тамашалап, журналистер еңбегіне тәнті болды.
Айта кетейік, бүгін Амфитеатр алаңына 40-қа жуық киіз үй тігілді.