Ақтауда әз-Наурыз мерекесіне орай теңіз жағалауында облыстық «Сән Құрақ Fest» байқауы ұйымдастырылды. Шарада 19 тігіншінің қолөнер бұйымдары мен көрпелері халыққа таныстырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Шараның мақсаты - ұлттық қолөнерді жаңғыртып, ұрпақтан ұрпаққа мұра ету. Үйде отырып іс тігіп, оны саудаға шығарып отырған Қазақстанның батыс өңірінің әр түпкіріндегі нәзік жандыларға қолдау көрсету,бір-бірімен тәжірибе алмасу, жұмыссыз қыз-келіншектерді кәсіпке баулып, ынталандыру.
Байқау облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық -демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, Жаңаөзен «Аналар кеңесі» кабинеті төрайымы Тілектес Болатбаеваның ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
- «Сән құрақ» фестивалі 2018 жылдан бері Маңғыстау облысында ұйымдастырылып келеді. Биыл үшінші рет облыс деңгейінде өткізіліп жатыр. Фестивальге 2023 жылдың қараша айынан бастап жарнама жарияладық. Бастапқыда 38 қатысушы тіркелген еді. Қазір 19 қатысушы финалға шықты. Бүгінгі күні бәрінде бағалайтын боламыз. Алдағы уақытта аталған шараны кең ауқымда жылда ұйымдастыру жоспарда бар,-деді Тілектес Болатбаева.
Шараға тігіншілер барлығы 200- ден астам көрпе алып келген. Олардың арасында ұлттық ою-өрнекпен қатар заманауи нақышта сырмақ салынған түрлері бар.
Шолпан Мергенова 2023 жылы бас жүлдені жеңіп алған. Құрақшы биыл да жаңа топтамасымен бағын сынап көруді жөн көрген.
- Көрпелерім американдық мақтадан тігілген. Кей жұмыстар қолмен сырып жасалған. 2015 жылдан бері осы кәсіпті жүргізіп келемін. Өзім де шетелдік мамандардың шеберлік сағаттарына жиі қатысамын. Көрпе тігу өзіме қатты ұнайды. Бүгінде бірнеше шәкіртім бар. Оның ішінде 11 жасар қызым да көрпе тігеді. Осы уақытқа дейін 500 көрпе дайындадым. Соның ішінде 50-ден астамы Ресей, Америка, Жапония, Әзербайжан, Біріккен Араб Әмірлігі елдеріне экспортталды,-дейді Шолпан Мергенова.
Ал Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының тұрғыны Айжамал Түсіпбекова аталған кәсіпті 2 жылдан бері қолға алған. Ол биыл «Сән Құрақ Fest» байқауына алғаш рет қатысып жатыр. Оның айтуынша құрақ құрау нәзік жандылардың бойында ізгі қасиеттердің оянуына түрткі болады.
- Бұл жұмыс арқылы әр уақытым тиімді өтеді. Қазақтың салт-дәстүрін сақтауға өз үлесімді қосып жатырмын деген ойдамын. Бұрын аталған шараны тек бақылап жүретінмін. Биыл байқауға қатысуға бел будым. Бәріне сәттілік тілеймін. Наурыз мерекесі баршаңызға құт-береке әкелсін,-дейді Айжамал Түсіпбекова.
Айта кетсек, бас жүлдеге 200 мың теңге сыйақы және бірінші, екінші, үшінші орындарға бағалы сыйлықтар мен номинациялар беріледі. Байқау жеңімпазы бір жыл бойы аудандарда тегін мастер-класс ұйымдастыратын болады.