Ақтау қаласында Ұлыстың ұлы күні – наурыз мерекесіне орай маңғыстаулық суретшілердің көрмесі өтіп жатыр. Көрме-жәрмеңкесіне өңіріміздің қырыққа жуық суретшілерінің кескіндемелері қойылған. Көрмеге бұдан бөлек ағаш пен қыштан тұрмыстық өнер туындыларын жасайтын, темірден түйін түйетін зергерлер мен қолөнершілер де қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Биылғы көрмеде көпшіліктің назарына наурыз тақырыбында салынған жаңа кескіндемелер де ұсынылып жатыр. Келуші көрермендер көрме-жәрмеңкесіне қойылған туындыларды ұнатып жатса, сатып ала алады, - деді Қазақстан Суретшілер Одағының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Бақытжан Айтбайұлы.
Наурыз мейрамына орай қарт Каспийдің жағасында өтіп жатқан мерекелік шараға қатысушылардың қарасы қалың. 15 шағынаудандағы Амфитеатр алаңында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазақтың ұлттық ойындары мен салт-дәстүрі насихатталып жатыр.
- Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесі ғой. Халқымыздың айтулы, ұлы мерекесі құтты болғай! Ел-халық көңілді. Әз Наурызда тілеген тілек қабыл болады дейді. Ақ мол болсын! Халқымыздың дені сау болсын! Аман болыңыздар! Наурыздан наурызға аман-сау жете берейік, - деді жыршы, мәдениет саласының үздігі Жеткізген Сейітов.