Маңғыстауда өткен «Қарызсыз қоғам» жобасында тұрғындарға өз қаржысын тиімді пайдалану жайлы кеңестер берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылықты арттыру курстары әрбір қатысушыға өз қаражатын тиімді жұмсауға, өз қаражатын үлестіріп қаражат жинауды үйренуге, мемлекеттік қолдауды пайдалануға мейлінше мол мүмкіндік берді.
Семинар-тренингті ұйымдастырушылардың сөзінше, қатысушылардың қаржылық сауаты аз.
Мәселен, кейбір азаматтар нарықта ұсынылған инвестициялау құралдарын (депозиттік, балама, сақтандыру және т. б.), сондай-ақ осы қаржылық реттеушінің функцияларын түсінбейді. Кейбірі жақындарына сенгіштікпен несие алып беріп, сан соғып қалып жатады. Сондай-ақ, азаматтар жеке тұлғалардың банкроттықтың өз критерийлері бар екенін және бұл процедура бәріне бірдей қол жетімді емес екенін білмейді. Көп адамдарда инвестициялық немесе резервтік капитал жоқ. Өмірдегі маңызды оқиғаларға алдын ала қаржылық дайындық жүргізілмейді.
Семинар-тренингке қатысқан жастардың көп бөлігі қор нарығына қызығушылық танытқан.
- Практикалық топ мүшелері PV, NPV, FV, PI, PBP сынды тапсырмаларды орындау барысында өздерінің қателіктерін түсінді. Сондай-ақ, «Aqyl» депозиті, «Egov» порталындағы «Stop credit» рәсімі, несие тарихын тексеретін «Calcus.ru» бағдарламасы қатысушыларды қызықтырды. Кәсібін жаңа бастағандар мен қосымша ақша тапқысы келетіндер ҚР электрондық сауда-саттығына және ҚР Мемлекеттік сатып алуларына қызығушылық танытты, - деді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, облысымызда өткен «Қарызсыз қоғам» жобасына 800-ден астам адам қатысып, сертификат алған.