«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылығын көтеріп, 833 адам сертификат алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бірінші тоқсанда Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Бейнеу, Түпқараған, Қарақия аудандарынан адамдар қатысты. Қатысушылардың 69%-ының басында несиелері бар. Олар enbek.kz сынды порталдарға тіркелу, жеке кәсіпкерлік ашуда қажет құжаттар, электронды сауда алаңы сынды дүниелерді тереңдетіп оқыды. Тәлімберушілер қатарындағы заңгерлер әр қатысушының несие тарихымен танысып, кеңестерін берді.
Жеке консультациялардағы қаржы сарапшылары әр түрлі банктердің қосымшаларында депозиттер ашуға көмектесті, 46 адам әр түрлі банктерде жинақ депозиттерін ашты. Сабақ барысында тыңдаушыларға салымдардың сақталуы және депозиттерге кепілдік беру қорының рөлі туралы түсіндірілді. Мысалы, кейбіреулер отбасылық жинақтарды тек үйде сақтайтынын, банк жүйелеріне мүлдем сенбейтінін және ақшаларын үйден тыс жерде сақтаудан қорқатынын айтты.
Қатысушылардың 79%-ын әйел азаматтар құрап отыр. Оның ішінде 45 %-ы көпбалалы аналар. Жоба аясында әсіресе ауылдық жерлерде тұратын әйелдерге баса назар аударылды.
5 ақпан мен 20 наурыз аралығы өткен жобада көптеген қатысушылардың Ақтаудағы орталыққа келе алмауына байланысты, жоба үйлестірушілері оқытуды аудандар мен ауылдарға барып жүргізді. 833 қатысушының 71%-ы ауыл тұрғындары болды.
Жобаны AMANAT партиясы мен «ҰлыДала» ауыл бизнесін дамыту ассоциациясы бірігіп өткізді.