Ақтауда Наурыз мерекесіне орай мерекелік шара басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жыл басы саналатын Ұлыстың ұлы күнінде облыс орталығында 15 шағын аудандағы Амфитеатр алаңында киіз үйлер тігіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлап отыр.
Осыған орай қазақтың ұлттық салт-дәстүрілері көрініс тауып, көш керуені алаңнан жүріп өтті. Ұлттық киім киген жастар атқа мініп, түйе жетектеген топ көпшіліктің көзайымына айналды.
Айтулы шара аясында “Ақжол құрылыс” ЖШС өкілі Ардақ Қатарбаев бүгінгі күннің ерекше шаттыққа толы екенін атады.
“Бүгінгі мерекенің қазақ халқы үшін орны ерекше. Сағындырып жеткен әз-Наурыз мерекесі құтты болсын. Барша елге жақсылығымен келіп, елімізге құт-береке, ырыс-ынтымағын ала келсін! Молшылық пен берекенің көрінісі іспетті бұл күні көпшіліктің аса шадыма екеніне қарап көңіл марқаяды. Осыған орай біздің серіктестік те көппен бірге өз үйін тігіп, тұрғындар мен қонақтарға дәм ұсынып жатыр”, - деді Ардақ Қатарбаев.
Сондай-ақ, бүгінгі мерекеге орай Ақтаудағы Түркия Консулдығы да киіз тігіп отыр. Консулдық қызметкері Адамшаш Жукарағаш түркі халықтарына ортақ мереке екенін атады.
“Барша қазақстандықтарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Биылғы Наурыз Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Баршаның ұстаған оразасы қабыл болсын. Наурыз мейрамы мен келген жыл құтты болсын! Түркияда Наурыз 21 наурызда тойланса, бүгін Қазақстан аумағында жалғасын тауып жатыр. Бұл күн біз үшін ұлық мереке. Осындай бақытты сәтке куә болғанымыз өте қуаныштымыз”, - деді Адамшаш Жукарағаш.
Ақтаудағы мерекелік іс-шара аясында өңір өнерпаздарымен концертімен басталып, балуан күрес, өзге де ұлттық ойындармен жалғасатын болады.