Жаңаөзенде ат үстіндегі мергендер тұрғындарға гүл шоқтарын ұсынып қала көшелерімен жүріп өтті. Ұлттық спорт күні аясында өткізілген ерекше акцияға отызға жуық мерген қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Көпшілік көзайымына айналып көше бойымен жүріп өткен аттылы мергендер легінде спорт шеберіне үміткерлер мен екі дүркін ҚР чемпионы бар. Сондай-ақ, акцияға жасөспірімдер мен ер азаматтар да атсалысты. Ең бастысы арнайы мейрамға орай олар ұлттық киімдерін киіп, бес қаруын асынып шықты.
Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдаған игі бастама халықтың ықыласына ие болды. Жұртшылық жағымды эмоциясымен бөлісті. Іс-шараға кәсіпкер Бақтықожа Орысбаев арнайы көмектесті.
Осылайша, ұлттық спорт күні қуаныш, шаттық пен мейірім думанына айналды.
-Алдағы жылы Наурыз аясында біз ұлттық спорт түрлеріне арналған іс - шаралардың ауқымын кеңейтуге ниеттіміз, - деді Маңғыстау облысы жамбы ату федерациясының аға жаттықтырушысы Саним Мурадова.