Ақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының әдістемелік кеңесі өтті. Шараға еліміздің әр өңірінен келген «Достық үйлерінің» өкілдері қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жобаның мақсаты – өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ және ҚХА қоғамдық құрылымдарының қызметіне менеджменттің заманауи әдістерін енгізу, этносаралық қатынастар саласындағы міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметін жетілдіру.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ директоры Қазбек Майгельдинов, «Қоғамдық келісім» КММ өңірдегі басшысы қатысты.
Отырыс барысында Ұлықбек Тналиев «Достық үйлері» шағын бизнес пен жастардың бастамаларын қолдау арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға ықпал ету керек екенін атап өтті.
-Еліміздегі этносаралық қатынастар мәселесі мемлекеттің ұдайы күн тәртібінен түспейтін, оған үнемі ерекше көңіл бөлетін салалардың бірі, деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев.
Өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов «Достық үйлері» ресурстық орталықтар мен жобалық кеңселерге айналуға тиіс екенін, яғни олардың қызметі азаматтық сектордың кең ауқымымен, ең алдымен этномәдени бірлестіктермен, үкіметтік емес және мемлекеттік ұйымдармен, сондай-ақ халықпен жұмыс істеуге бағытталуы тиіс екенін айтты.
Сонымен қатар, «Достық үйлері» белсенді күн тәртібі, құзыретті және процеске тартылған кадрлар мен тартымды қызметі бар халық үшін тартымдылық орталықтары болуға тиіс екендігіне назар аударды.