Ақтауда сауықтыру туризмі бойынша демалыс индустриясының өкілдеріне арналған семинар аяқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара аясында сауықтыру туризмінің тенденциялары талқыланып, «Сая» демалыс үйінің директоры Ұлбосын Ахметова, емханалар желісінің негізін қалаушы Сара Дүсіпова және басқа да баяндамашылар Маңғыстау облысында құдық суын емдік мақсатта пайдалану мүмкіндігі туралы әңгімеледі.
Қолайлы климаттық жағдайлар, минералды су көздерінің және емдік балшық кен орындарының бар болуы Қазақстанның барлық дерлік аймақтарында емдік-сауықтыру аймақтарының дамуына ықпал етеді.
Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстандағы 173 санаториялық-курорттық нысандардың қолжетімділігін зерттеу жүргізді. Қорытынды бойынша Маңғыстау облысында 4 санаториялық-курорттық нысан тексерілген. Олардың қатарында «Шипагер», «Кендір», Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Е. Оразбаев атындағы Маңғыстау облыстық туберкулезге қарсы санаторийі» және «Сая» демалыс үйі бар.
- Дәстүрлі санаторлық курорттар егде жастағы адамдардың емделу және демалу орны болуды тоқтатады. Сонымен бірге тұтынушылардың кең ауқымына арналған жартылай функционалды сауықтыру орталықтарына айналады. Емдік-сауықтыру қызметтеріне сұраныс сипатының өзгеруі мен салауатты өмір салты дағдыға айналып отыр. Әлемде денсаулығын сақтағысы келетін және стресске қарсы қалпына келтіру бағдарламаларын қажет ететін адамдар саны артып келеді. Сондай-ақ, шипажайлар тұтыну нарығының жаңа сегменттеріне ену және қосымша тұтынушыларды тарту үшін өз өнімдерін әртараптандыруға мәжбүр. Емдеу функциясын сақтай отырып, курорттар пациенттердің болу бағдарламасын әртараптандырады, мәдени және спорттық іс-шаралар өткізеді", - дейді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілі Жанарай Шартенова.