Ақтауда "1 желтоқсан - Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне" орай Маңғыстау облыстық ЖИТС-ның алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығында баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Биылғы 11 айда облыс аумағында АИТВ-инфекциясын жұқтырған 76 науқас анықталды. Оның ішінде 7-еуі шетел азаматтары. Былтыр 69 жағдай тіркелген еді . Ақтау қаласы аумағында 20 науқас, Бейнеу мен Маңғыстау ауданында 1 науқас тіркелді. Биыл жыл соңына дейін 143 мың адамды тексеруден өткізу жоспарланып отыр. Ай сайын шамамен 11-12 мың адам тексерістен өтеді. АИТВ-инфекциясының алдын-алу іс-шараларын үздіксіз жүргізу нәтижесінде жыл сайын тексерістен өтетін халық ауқымы ұлғайып келеді. Алдын-ала жоспарға сәйкес 21 қараша мен 1 желтоқсан аралығында "Теңдік уақыты" ұранымен өткізілген науқан аясында орталық мамандары білім беру мекемелері, әскери бөлімдер, ІІД, ҚАЖД, бизнес нысандарға, халық көптеп шоғырланатын сауда және ойын-сауық, сондай-ақ халыққа қызмет көрсететін орталықтарға барып, ақпараттық-түсіндіру бағытында түрлі іс-шараларды ұйымдастырды. Басты мақсат - АИТВ-инфекциясынан қорғану және сақтық шаралары жөнінде толыққанды мағлұмат беру, осы кеселге душар болған науқастарға қатысты теріс көзқарас пен кемсітушілікті жою деуге болады",-дейді орталық директоры Әнуар Сағымбаев.
"Біздің орталықтың басты міндеті - облыс көлемінде АИТВ-инфекциясының таралуының алдын алу және кеселге қарсы күресті жүйелі ұйымдастыру. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы арасында жасақталған меморандумға сәйкес жұмыс жүргізілуде. АИТВ-инфекциясымен өмір сүретін және ем қабылдайтын науқастарды антиретровирустық препаратпен, ем-доммен қамтамасыз ету жоспары 98.8 пайызға орындалды. Облыс көлемінде 353 адам есепте тұр, соның 349-ы тұрақты түрде ем алып жүр. АИТВ-инфекциясынан қорқудың еш себебі жоқ. Дәрілік препараттар аурудан құлан-таза айықтырмаса да, науқастың өмір сүру жасын ұзартады. Үкімет тарапынан тегін ем көзделсе де, емдеуден бас тартып отырған науқастар бар. АИТВ-инфекциясының өзге аурулардан ерекшелігі - клиникалық көрсеткіштері білінбейді, вирус тек лабороториялық тәсілмен анықталады. Осы мекеменің бірінші қабаты зертхана болып есептелінеді. Бүгінгі таңда республикалық деңгейде аккредитациядан өтіп, аттестат алған зертхана ретінде жұмыс жасап тұр. Бұдан төрт-бес жыл бұрын ем-домның денсаулықты оңалтудағы әсері 62 пайыз болса, қазір 82 пайызға жетіп отыр",- деп атап өтті аталған орталық директорының орынбасары Алмабек Бисен. "Бүгінгі таңда АИТВ-инфекциясын жұқтырудың үш түрлі жолы мәлім. Біріншісі - қорғалмаған жыныстық қатынасқа түсу, екіншісі - қан арқылы, түрлі иньекциялар кезінде залалсыздандырылмаған шприцтерді қолдану, бұны медицинада парентеральды жолмен дейміз, үшіншісі - анадан нәрестеге жұғуы арқылы.
Облыс бойынша науқастардың 70-тен астам пайызы жыныстық жолмен жұқтырған ,15 пайызы есірткіге тәуелді жандар арасында анықталған, ал ауру жұқтырғандардың 10 пайызы гомосексуалдық қарым-қатынастағы ерлер,-дейді орталық директорының үйлестіру-әдістемелік және эпидемиологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары Ақнұр Тасболатова.
Облыста АИТВ-инфекциясына шалдыққан науқастардың ішінде 4 бала, 2 жасөсіпірім бар. Ең жас науқас 3 жаста. Биыл 3 медициналық қызметкер АИТВ-инфекциясын жұқтырған.
Голрох Жеменей