Бүгін Ақшұқыр ауылындағы дәрігерлік амбулаториясы New Oriental 1000ub рентген аппаратымен толықты. Медициналық құрылғы Ақшұқыр және Сайын ауылында тұратын 25 мың тұрғын үшін қолжетімді болады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған аппарат арқылы науқастарға бронх-өкпе, жүрек-тамыр жүйесі аурулары, профилактикалық мақсаттар үшін кеуде органдарының рентгенографиясы, буын аурулары, омыртқа аурулары, жарақаттар үшін сүйек-буын жүйесін тексеру секілді медициналық шаралары көрсетіледі. Тексеру жұмыстары келушінің жас ерекшеліктерін ескере отырып ұсынылады. Мұнда тәжірибелі рентгенологтар қабылдау шараларын жүргізеді.
Радиографиялық құрылғы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландырумен табысталды.
«Қор өңір халқы тарапынан түскен ұсынысты назардан тыс қалдырмай, жобаға қолдау көрсетуге шешім қабылдады. Бұл жоба арқылы Түпқараған ауданына қарасты шағын ауылдар мен облыс тұрғындарының медицина қызметтеріне қолжетімділігі арта түсіп, ауыл халқының өмір сүру сапасы жақсарды», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
New Oriental 1000UB U-ARM ренген аппараты ықшамдалып жасалған. Көпфунционалды құрылғыны орнату және онымен жұмыс жасау көп күшті талап етпейді. Аппарат ұзақ мерзімге пайдаланылады.
«Облыста аудан орталығы мен ауылдар арасында қатынау қиын. Бүгінде Ақшұқыр және Сайын ауылында 25 мың адам тұрады. Көп жағдайда ауыл тұрғындары медициналық көмекті алу үшін облыс орталықтарына қатынап жататын. Енді бұл шаралар өз ауылымызда қолжетімді болғаны қуантады», - деді ауыл тұрғыны Күлаш Қасымова.
Сондай-ақ «Амал» мерекесі қарсаңында басқарушы директор өңірде Қор қолдауымен ашылған «Қамқорлық» оңалту орталығында болып, ерекше балалардың ата-анасымен кездесті. Кездесу барысында орталықта оңалтудан өтіп жүрген 1 жастағы Мұстақимның тұсауын кесті.
Еске салайық, «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 2016-2024 жылдар аралығында Маңғыстау өңірінде 5,1 млрд теңгеге 48 әлеуметтік жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде «Қамқорлық» оңалту орталықтары, шала туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуға арналған «Басқарылатын гипотермия» құрылғысы, мүмкіндігі шектеулі спортшыларға волейболды отырып ойнауға арналған құрыл-жабдықтар, «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал топтағы оқушыларға мектеп құралдары алынды, балалар спорт алаңдары мен спорт кешендерін салынды.