Ақтауда ауа-райы қолайсыз болып, қатты жел тұрса да қазақтың примадоннасы Роза Рымбаева ақтаулық көрермендерінің алдында өнер көрсетті. Кеште әншінің ұлдары Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев та ән айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Роза Рымбаева өзінің танымал әндерін шырқады. Атап айтқанда, халық әртісі «Шақырады көктем», «Ертеңіме сенемін», «Балдәурен» және «Сол бір кездер» әнін орындады. Роза Рымбаева ақмаржан қаладан алған әсері туралы айтып, ақтаулықтарды Амал мерекесімен құттықтады.
-Мен Ақтау қаласына 1977-1978 жылдары алғаш рет келдім. Ол кезде ақмаржан қала мүлдем басқа еді. Бүгінде Ақтау үлкен, әсем қалалардың біріне айналған. Қаланың келбетінен алған әсерім ерекше. Әншіге көрермен құрмет көрсетіп, өнеріне, қойған концертіне риза болса, бізге одан артық жоғары баға жоқ. Барша ақтаулықтарды Амал мерекесімен құттықтаймын! Жыл құтты болсын! - деді Роза Рымбаева.
Қатты желге қарамастан халық алдында өнер көрсеткен әнші 1 сағатта тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Мерейтойлық кешке жиналған тұрғындар да халық әртісінің шырқаған әніне билеп, концерттен алған әсерімен бөлісіп, ерекше ризашылығын білдірді.
-Роза Рымбаеваның өңірімізге келгеніне қуаныштымын. Себебі оның әндерін бала кезімнен тыңдаймын. Әсіресе, «Шақырады көктем» деген әні біздің мерекемізбен сәйкес келіп отыр. Амал мерекесі құтты болсын. Жылдан жылға аман-есен жете беріңіздер! - деді қала тұрғыны Гүлшара Адиятова.
Концерт барысында Роза Рымбаеваға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан ықылас гүлі табысталды. Сонымен қатар мерекелік кеште жергілікті өнерпаздар, яғни «Томирис» вокалды тобы «Той басталды Маңғыстауда» әнін орындап, халықтық ұжым «Айша қыз» би ансамблі «Кербез сұлу» биін биледі.
Айта кетейік, концертке келе алмағандар "Маңғыстау" телеарнасынан көре алады.